Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

   Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді <a href="https://t.
Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді
Yayın: 08 Mayıs 2023 DÜNYA Google News

 

 

 

Жаңалықтар

Ақорда

Қазақстан мен Тәжікстан президенттері кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді

2023 жылғы

Шағын құрамда өткен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен келіссөз жүргізді.

Президенттер сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, соның ішінде өзара тауар айналымын арттыруға, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік және цифрландыру салаларындағы қатынастарды дамытуға баса мән берді.

– Қазақстанда тәжік халқына ерекше құрметпен қарайды, сондай-ақ достық, бауырластық және өзара қолдау рухындағы ынтымақтастығымызды нығайтуға айрықша мән береді. Сондықтан бұл сапар өте маңызды. Жаңа ғана сіздің сапарыңызды тарихи сапар деп атап өттік. Өйткені ол елдеріміз арасындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге шығарады. Екі ел арасында Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияға қол қойылады. Бізді алда үлкен жұмыс күтіп тұр. Себебі одақтастық қарым-қатынас аясында жаңа стратегиялық жобалар жүзеге асырылады. Біз жаңа ғана екі-үш ірі стратегиялық жоба әзірлеу қажет екенін айттық. Екі ел үкіметтеріне осы міндетті жүзеге асыру жөнінде тапсырма бердік. Жақын арада екіжақты қарым-қатынас жаңа деңгейге көтеріледі деп ойлаймын. Мемлекеттеріміз арасында барлық деңгейде сенімді саяси диалог жолға қойылған. Біз Орталық Азияның тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ете отырып, бірнеше халықаралық құрылым аясында өзара іс-әрекет жүргіземіз. Екі ел арасында түрлі сала бойынша 100-ден аса келісімшарттан тұратын маңызды келісімшарттық-құқықтық база бар. Бүгін бұл тізім жаңа келісімдермен толығады, – деді Президент.

 

Мемлекет басшысының айтуынша, қазақ-тәжік қатынастарының ерекше саласы саналатын мәдени-гуманитарлық байланыстар дәйекті түрде нығайып келеді.

– Біз мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселесін де талқыладық. Бұл – ынтымақтастығымыздың маңызды бағыты. Орта ғасырдағы әйгілі ғұлама, философ әрі шипагер Әбу Әли ибн Синаның ескерткішін ашу жоспарланып отыр. Осы жетістіктердің бәрі екі ел халықтарының ерекше ықыласына ие болады және өзара тығыз қарым-қатынасымыздың жарқын үлгісі саналады. Біз елімізде Тәжікстанның мәдениет күндерін өткізу жөнінде уағдаластық. Мәдениет күндері аясында Тәжікстанның ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктері де таныстырылады. Мұны аса маңызды іс-шара деп санаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы бүгінгі келіссөздердің өте пайдалы әрі нәтижелі болғанын атап өтті. Тараптар екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытудың негізгі басымдықтары мен міндеттерін анықтады.

 

Өз кезегінде Эмомали Рахмон Астанаға мемлекеттік сапармен келуге шақырғаны және қазақ халқының дәстүрлі қонақжайлығы үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Сондай-ақ ол шағын құрамдағы келіссөздің нәтижелі болғанын және бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды екенін атап өтті.

– Біз Қазақстанмен арадағы өзара тиімді ынтымақтастыққа баса мән береміз. Стратегиялық серіктестік қағидаттарына негізделген тәжік-қазақ қатынастарының барлық бағытын дәйекті түрде дамытуға ниеттіміз. Бүгін біз тарихи құжатты – Одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларацияны қабылдаймыз. Бұл құжат екіжақты байланыстардың іргетасын айтарлықтай нығайта түседі. Дипломатиялық қатынастар орнаған отыз жылда біз ынтымақтастықтың барлық саласында елеулі табысқа қол жеткіздік. Жоғары деңгейдегі тұрақты саяси диалог бұл үдеріске ықпал ететіні сөзсіз. Осы уақыт аралығында мемлекетаралық ынтымақтастықтың қажетті тетіктері жасалды және ауқымды құқықтық база қалыптасты. Біз оны бүгін жаңа құжаттар топтамасымен толықтырамыз. Сауда-экономикалық байланыстар біздің қарым-қатынасымыздың маңызды бөлігі саналады. Қазақстан бірнеше жылдан бері Тәжікстанның сыртқы сауда құрылымында жетекші орынға ие. Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы, Сіздің Тәжікстанға ресми сапарыңыз барысында жыл сайынғы тауар айналымын алдағы уақытта 2 миллиард долларға жеткізу жөнінде уағдаластық. Бұл міндеттің жоспарлы түрде жүзеге асырылып келе жатқаны қуантады. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 1,5 миллиард долларға жетіп, 20 пайызға артты. Бүгінде Қазақстан Тәжікстанның сауда серіктестерінің арасында екінші орында тұр, – деді Тәжікстан Президенті.

 

 

 

 

 

 

Келіссөздердің нәтижесінде мынадай құжаттарға қол қойылды:

1. Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасындағы одақтастық өзара іс-қимыл туралы декларациясы;

2. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты мен Тәжікстан Республикасы Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер орталығы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум;

3. Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы Кеден қызметі арасындағы Қазақстан Республикасы мен Тәжікстан Республикасы арасында өткізілетін тауарлар мен көлік құралдары туралы алдын ала мәліметтер алмасуды ұйымдастыру туралы хаттама;

4. Түркістан (Қазақстан Республикасы) және Худжанд (Тәжікстан Республикасы) қалалары арасында Бауырластық қатынастар орнату туралы меморандум;

5. Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы туризмді дамыту комитеті арасындағы туризм саласындағы ынтымақтастық туралы жол картасы;

6. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жөніндегі жол картасы;

7. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Өнеркәсіп және жаңа технологиялар министрлігі арасындағы 2023-2024 жылдарға арналған өнеркәсіп және инновациялар саласындағы өзара іс-қимылдың бірлескен жоспары;

8. Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігі мен Тәжікстан Республикасының Үкіметі жанындағы экспорт агенттігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

9. Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі мен Тәжікстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі арасындағы 2023-2025 жылдарға арналған ынтымақтастық бағдарламасы;

Кері қайту Кері қайту

kaynak:https://akorda.kz/kz/kazakstan-men-tazhikstan-prezidentteri-keneytilgen-kuramda-kelissoz-zhurgizdi-444843

 

 

Son Güncelleme: 08 Mayıs 2023